«Чернобыль жаңғырығы» ерлік сағаты

26 сәуір күні № 17 көпшілік кітапханасының оқу залында  Чернобыль ардагерлерінің қатысуымен № 6 ЖОББМ 7-сынып оқушыларына арналған «Чернобыль жаңғырығы» атты ерлік сағаты өтті. Бұл шара Чернобыль апатының 33 жылдығына арналды.

Ерлік сағаттың басты мақсаты: Чернобыль апаты жайлы оқушыларға мағлұматтар беру, патриоттық сезімі жоғары, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі ету, қасіреттің салдарынан қаза болған боздақтар рухына тағзым ету, олардың есімдерін құрметтеу, жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Шараны кітапханашы А. Қабылденова мен № 2 шағын ауданының Ардагерлер  кеңесінің төрағасы Марат Нұрмұхамедұлы Сағындықов қазақ және орыс тілінде жүргізді. Олар 2016 жылдың 8-желтоқсан күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының қарарымен 26 сәуір Чернобыль апатын еске алу халықаралық күні деп жарияланғанын, содан бері бұл тарихи датаны жыл сайын еске алып, әр түрлі шаралар өткіземіз деп оқушыларға баяндады..

1986 жылдың 26 сәуірінде Украинада Чернобыль атом электр станциясының төртінші электроблогында жарылыс болды. АЭС-тен радиусы 30 км жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. Радиоактивті түтін Еуропаның 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион адам зардап шекті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады. Көзге көрінбейтін бұл тажалды ауыздықтау үшін бүкіл Кеңес Одағына қараған республикалардың азаматтары қатысты. Өмір мен өлім арасында жүріп, көзге көрінбейтін қауіпті жау-атом реакциясын тұмшалау үшін мылтықсыз майданды бастан кешіргені шындық. Өздерін құрбан ете отырып Чернобыль апатының зардабын жоюға 800 мың адам, соның ішінде 30 мыңнан астам қазақстандықтар қатысты.

Бұл күндері Қазақстанда еске алу акциялары өтеді,  сонымен қатар біз Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың құрбандарын еске аламыз.                                                                                                     Чернобыль апатын жоюға атсалысқан, батырлық пен жанқиярлықтың үлгісін танытқан ардагерлеріміз Деймунд Виктор Георгиевич пен Осипов Александр Анатольевич қатысып, сол қорқынышты күннің оқиғаларын, яғни апат салдарын жою туралы, әсіресе, энергоблок шатырындағы жұмыстары туралы айтты.

Оқушылар қызығушылықпен тыңдап қана қоймай, ардагер-батырларға сұрақтар қойды. Оқушылар Р. Янченко, Л. Темірбаева, А. Дроздов және мұғалімдер Г.С. Уразалинова, Т. Ж. Капкен қойған мынадай сұрақтарына: әскери қызметшілерді авариялық энергоблоктағы радиациядан қорғау, аварияға қатысушылар үшін қандай  жеңілдіктер болатыны т.б. сауалдарына жауап берді. Шара соңында кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Чернобыль – ғасыр апаты» атты көрмемен оқушылар танысты.

Қатысқандар саны-26 адам.

Комментарии запрещены.