«Бір ел – бір кітап» – 2024

Биыл «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін  Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқимыз.

Соқпақбаев Бердібек Ыдырысұлы Алматы облысының Нарынқол ауданы Қостөбе ауылында туған. Бердібек 8 жасында анасынан айырылды, бұл оның өмірінің соңына дейін арылмас қайғысы болып қалды. Баланың бойына білімге деген сүйіспеншілікті кейін соғыста қаза тапқан ағасы Сатылған сіңірткен. Бала аштық пен ауыр жұмысты және т.б. қиыншылықтарды басынан өткерген. Дегенмен, ол өте ізденімпаз, қабілетті бала болып өсті және өмір бойы өзінің оптимизмі мен көңілділігін сақтап қала алды.

Мектептен және ФЗО-дан кейін ол әскерде қызмет етті. Одан кейін Алматыда   Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, кейін туған ауылында екі жыл ұстаз болып жұмыс атқарды. 1950 жылдан бастап    Алматы қаласындағы «Пионер» және «Қазақстан пионерлері» қазақ газеттерінің редакцияларында қызмет етті. Кейіннен Соқпақбаев Б. Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген.

Шығармашылық қызметін ақын ретінде бастады. 1950 жылы оның «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Жазушының келесі кітаптары –  «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Алыстағы ауылда», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Балалық шаққа саяхат», «Дала жұлдызы», «Аяжан», «Әпенденің айласы», «Гауһар», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді».

Бердібек Соқпақбаевқа «Менің атым Қожа» повесі үлкен атақ әкелді. Ол   «Балалар әдебиеті» баспасында жарық көрді, содан кейін орыс тілінен әлемнің 68 тіліне аударылып, шетелде жарық көрді. Бұл повесі бойынша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды.

Соқпақбаев Б. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.

Туған ауылы Қостөбе мен Алматыдағы көшелер, Нарынқолдағы орта мектеп оның есімімен аталады. Нарынқолда жазушының ескерткіш-бюсті орнатылды.

2022 жылы 1 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Балалар жылы» деп жариялауы аясында Астанада «Жетісу» саябағында белгілі балалар жазушысы  Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабының бас кейіпкері Қожаға ескерткіш ашылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі 183 см, қола, гранит материалдарынан жасалған. Мүсінші Талапхан Азамат. Жаңадан бой көтерген ескерткіште Қожаның өзін өзі «жиналысқа салып» отырған кезі бейнеленген.

Комментарии запрещены.