Мамандық таңдау – жауапты іс

3 наурыз  күні № 15 көпшілік кітапханасы облыстық көп бағдарлы дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың 9 сынып оқушыларына кәсіптік бағдар  күнін өткізді.

Шара жүргізушілері Рахымғалиева Лида Төлеповна  мен Қабылова Әйгерім Барлыкхановна  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы туралы айта келіп, қонақтармен таныстырды. Олар — облыстық қазақ-түрік  лицейінің технология пәнінің мұғалімі Асанов Қанат Қайроллаұлы және Павлодар қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігі оқу орталығының  кадр бөлімінің басшысы Ахметов Арман Даулетұлы. Жүргізушілер балаларға жалпы мамандықтар және қазір көп талап етілетін мамандықтар туралы әңгімеледі.

Шара қонақтары өз мамандықтары, қайда оқығандары, мамандықтарын қалай таңдағаны, қазіргі кездегі жұмыс орындары туралы айтып, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті және оқушыларға кеңес берді. Оқушылар  қонақтарға өздерін ойландыратын сұрақтарын қойды.

Бесаспап  шебер, мұғалім Қанат Қайроллаұлы өзі   жасаған бұйымдар туралы айта келіп, шеберлік класын өткізді. Ал ішкі істер қызметкері Арман Даулетұлы неліктен осы мамандықты таңдағанына тоқталып, балаларға  өз елінің патриоты болуға және бос уақыттарында кітап оқуға, спортпен шұғылдануға кеңес берді.

Кітапханашылар мамандық таңдауға арналған ойын өткізіп, кітап көрмесіне шолу жасады, психологиялық кеңес берді,  қонақтарға алғыс айтты және  оқушыларға өмірлік жолдарын таңдауда сәттілік тіледі. 20 адам қатысты.

Комментарии запрещены.