Егемен елдің мәртебелі рәміздері

9 маусымда №10 көпшілік кітапханасының қызметкерлері №24 және №17 мектептердің жазғы демалыс лагеріндегі балаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған құқықтық шара өткізді. Ол жуырда ашылған коворкинг-орталығында өтті.

Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін, шараны жүргізген кітапханашылар Таслима Темиртасовна Магмурова мен Наталья Ивановна Пихлик қазақ және орыс тілдерінде жиналғандарды мерекемен құттықтап, оларды құқықтық экспреспен мемлекеттік рәміздер әлеміне саяхатқа шақырды.

Бірінші аялдама – Мемлекеттік Ту. Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің қасиетті белгісі ретінде көтерген қыран қанатты туымыздың негізгі түсі көгілдір. Бұл түске ертеден терең мағына берілген. Тіліміздегі «көгеру», «көк шықты», «көсегесі көгерсін» деген көп сөз тіркестері бар. Соның бәрі өмір сүру, жасару, мұратқа жету деген ұғыммен төркіндес.

Екінші аялдама – Мемлекеттік Елтаңба. Ондағы негізгі нышан шаңырақ. «Отан отбасынан басталады» деген ұғым бар. Елтаңбаның тағы бір бөлігі ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ бейнесі. Жылқы – қазақтың дәулетінің өлшемі, адамның қанаты.

Үшінші аялдама – Әнұран. Оның әнін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әннің алғашқы нұсқасы 1956 жылы жазылған да, кейін ол өзгертіліп, толықтырылып, Мемлекеттік Әнұран мәртебесіне ие болды.

Шара соңында балалар кітаптарды қарап, үстел ойындарында ойнап, естелік суретке түсті. 32 бала қатысты.

Комментарии запрещены.