1 маусымда №10 көпшілік кітапханасында коворкинг-орталықта алғашқы шара өтті. Орталықтың бір бөлігі балаларға арналған. Онда ойыншықтар, үстел ойындары, пазлдар, түрлі өзгеше креслолар, маркер тақтасы және тағы басқалар бар.
Бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күні елімізде ғана емес, бүкіл әлемде балалардың құқығын бұлжытпай орындауды еске салып тұрғандай. Осынау балалар мерекесі табиғаттың тамаша кезімен – жасыл желек қанатын кең жайған, құстар ән салған, алтын күн шуағын молынан төккен, айналамыз гүлге оранған шақта келетіні қандай тамаша. Бұл – жарқын жаздың тоқсан күндік думанды шағының бірінші күні. Ал осы кезде әндер мен өлеңдер де, ертегілер мен жұмбақтар да, әсем картиналар мен қызықты ойындар да молынан кездесетін кітаптың орны ерекше.
Кітапхана қызметкерлері осы шарада жиналған балалардың көңіл күйі көтеріңкі болуына, әннің де, шат күлкінің де, әзіл-қалжыңның да мол болуын ойластырды. Оның бәрі әртүрлі тақырыптағы ойындар барысында мүмкін болды әрі балалар кітаптарындағы айтулы кейіпкерлерді еске түсірді. Бұдан кейін далаға шығып, асфальттың үстіне алуан түрлі суреттер салды. Осылай бір серпіліп қалғаннан кейін тәттілермен шай ішуге отырды.
Шара соңында түрлі-түсті шариктер мен қағаз ұшақтарды ұшырып ойнап, «Әрқашан күн сөнбесін» әнін бәрі бірге қосыла шырқады. 14 бала қатысты.