Ұлттық тәрбие орталығы

Павлодар қаласының М. Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасында ұлттық тәрбие орталығы ашылды.

Ұлттық тәрбие орталығының  ашылуында сөз алған «Нұр-Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова өскелең ұрпақтың өз ата-салты мен дәстүрін, тарихын білу керектігін атап өтті.

Іс-шараға қаланың шығармашылық интеллигенциясы қатысты. Олардың қатарында «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов, ақын, журналист  Шолпан Байғалы мен Ольга Григорьева бар.

Қонақтар орталық жұмысына сәттілік тілеп, ақ тілектерін арнады.

«Сағым жылдар» ансамблі шаш өру үлгісін көрсетіп, қамшы ұстаудың маңызына тоқтатып, жетігеннің сүйемелдеуімен ән айтты. Кітапхана оқырмандары да өз ән шашуын тарту етіп, үйірмелер өз өнерін көрсетті.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің басшысы Руслан Маралбаев атап өткендей, Малайсары батыр, 2 мекенжайындағы кітапхана 1968 жылы ашылған. 2018 жылы Мүбарак Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасы атауын алды. Бүгінде 9 мыңға жуық оқырманы бар, кітап қоры 41 800 дана.

Орталықта кітапханаішілік қазақ тілін үйрену, «Менің қолөнер әлемім» үйірмесі, қазақ салт-дәстүрлері мен  ойындар алаңы және қуыршақ театры жұмыс істейді.

Қаламыздағы барлық 5 балалар кітапханасында осындай орталық ашу жоспарланған.

Комментарии запрещены.