«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Орталық қалалық кітапханада қазақтың ұлы ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың 90 жылдығына арналған «Ұлт рухы, ақын үні» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Бұл тағылымды шараға ақындар Руслан Тастыбаев пен Жантас Еркінұлы, сулейменовтанушы Баян Абенова және «Аманат» партиясының жастар қанатының төрағасы Жүсіп Мерғали қатысып, жас оқырмандарға рухани қолдау көрсетті. Байқауға «Әдебиет клубы» мен «Классики и современники» клубының мүшелері белсене атсалысып, Сүлейменовтың шығармаларын әсерлі мәнерде оқып, тыңдарман жүрегіне жол таба білді. Қатысушылардың өнері тереңдігімен, эмоциялық әсерімен ерекшеленіп, ақын шығармашылығының ұлттық әдебиеттегі маңызын айқындады. Олар Сүлейменов сөзінің бүгінгі күнде де шабыт беретінін дәлелдеп, жас ұрпаққа рухани серпін сыйлады. «Олжас Сүлейменовтың өлеңдерін оқу — жай ғана байқау емес, ол тарихпен тілдесу әрі адамдарды біріктіретін сөздің қуатын сезіну мүмкіндігі», — деп атап өтті сулейменовтанушы Баян Абенова. Байқау қорытындысында барлық қатысушылар алғыс хаттармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл олардың талантына, өнеріне және ұлы ақын шығармашылығына деген құрметіне лайықты бағалау болды.

















