24 ақпанда №10 көпшілік кітапханасының оқу залында коворкинг-аймақ аясында №24 мектептің бастауыш сынып балаларымен «Карамелька» үйірмесінің алғашқы отырысы болып өтті. Бұл жоба кітапханашылардың көптен бері ойында жүрген болатын. Оның мақсаты жақын маңдағы мектептердің оқушыларын бір пайдалы іске үйрету болды. Сөйтіп адам өміріне керекті деген тоқыма өнері таңдап алынды.
Тоқыма – қолөнерінің көне түрлерінің бірі. Қазір онымен әйелдер ғана емес, ерлер де
айналысады. Сондықтан оған оқушы қыздар ғана емес, ұлдар да шақырылды. Алғашқы
сабақ күршекпен тоқуға арналды. Оған тәжірибелі тоқымашылар Штремель Надежда Ванфуровна мен Леонтьева Александра Николаевна шақырылды. Олар өздерін таныстырғаннан кейін, кітапханашы Наталья Ивановна іріктеліп алынған қол өнері мен тоқыма ісі туралы кітаптарға шолу жасап, әр кітаптың ерекшелігіне тоқталды.
Тоқымашылар Надежда мен Александра күршекпен тоқу техникасы туралы айтып берді. Үйірмеге қатысушылар күршектің металдан, ағаштан, пластмассадан және сүйектен жасалатын түрлері және олардың нөмірлері болатынын білді. Тоқымашылар өздерімен бірге ала келген күршектерді және жіптерді көрсетті. Күршекті қалай ұстау керектігін және
қалай тоқу керектігін үйретті. Балалардың жалығып кетпеуі үшін үзіліс жасап, карамельмен шай ішті.
Үйретушілер қыздарға үйге тапсырма берді – қолды, саусақты жаттықтыру үшін тізбек тоқу және оны тарқатып, қайта тоқу керек. Алғашқы сабақтан қыздар көп әсер алды. Өздері жасаған шағын тізбекті ата-аналары мен достарына көрсету үшін өздерімен бірге
алып кетті. Шараға 12 адам қатысты.