Кітапханадағы поэтикалық композиция

23 ақпан күні Ұлттық әдебиеттер кітапханасының оқу залында көп салалы инновациялық колледждің  2 курс студенттеріне Ахмет Байтұрсыновтың 145 жылдығы мен Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына  арналған поэтикалық композиция  өтті.

Кітапхана қызметкерлері А.С. Айтмағамбетова мен Ж.П. Дюсенбаева шараны ірi ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушi, түркітанушы, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынов пен бүкіл елімізге әйгілі ақын, атақты азамат, белгілі педагог-ғалым Мағжан Жұмабаевтың өмірбаянымен таныстырып өтті.

Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевтың мақсат – мұраттары бір, ол елдің сауатты болуы, болашақта дамып, жақсы тұрмыс құруы. Ахмет Байтұрсынов қалай елді надандықтан босатам деп армандаса, Мағжан Жұмабаев та дәл сол арманды ісінің басты мәселесі деп білді.

Қазақ тiл бiлiмiнiң негiзiн қалаушы ғалым Ыбырай Алтынсариннен кейiнгi еңбегi ерекше ағартушы-педагог, сөз құдiретiн танытқан жаңаша ақын, қазақ баспасөз тiлiнiң ұлттық үлгiсiн көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесiн көрсетуге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткерi, жас совет үкiметiне адал қызмет еткен iрi қоғам қайраткерi Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 28  қаңтарда дүниеге келді.

М.Жұмабаев «Ақынның ақыны» ғана болып қойған жоқ. Ол ең алдымен ұстаз-ағартушы еді. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейханов бастаған қазақ халқының көзі ашық азаматтары елді құлдық бұғаудан аман алып қалудың жолы – тек қана оқу-ағарту жолы екенін білді. Өздерінің бар білімдерімен саналы ғұмырларын олар – қазақ халқын сауаттандыру ісіне арнады. Олардың бірі оқулық жазса, бірі мектеп ісімен, мұғалімдер даярлаумен айналысты. М.Жұмабаевтың үлесіне оқулық жазып, мұғалімдер курсын ұйымдастыру тиді. Соның нәтижесінде оның ұшқыр ойынан «Сауатты бол», «Бастауышта қазақ тілін оқыту», «Педагогика» оқу құралы мен әдістемелері шықты.

Шара барысында атақты қос тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы  жайлы бейнебаяндар мен слайдтар көрсетіліп, А. Байтұрсынұлының «Оқуға шақыру», М. Жұмабаевтың «Қазақ тілі», «Сырым»  өлеңдері тыңдалды, ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалды.

Қатысқандар – 34 оқушы.

Комментарии запрещены.