4 мамырда Павлодар ауылының көпшілік және балалар кітапханалары Отан қорғаушылар және Жеңіс күндеріне арналған кеш өткізді. Кітапхананың оқу залында осы мерекелерге арналған кітап көрмесі мен мектеп оқушыларының бейбітшілік тақырыбындағы салған суреттері қойылды.
Шараны жүргізген кітапханашылар Гүлнара Тлеукабыловна Шокубаева мен Гүлнара Асхатовна Сергазина жиналған ауыл тұрғындарын қос мерекемен құттықтап, сол бір сұрапыл жылдарды еске түсірді.
Қазіргі және келешек ұрпақтың бостандығы мен бақыты үшін миллиондаған азаматтарымыз ең асыл құндылығы – өз өмірлерін Жеңіс жолына құрбандыққа шалғанын біз ұмыта алмаймыз әрі ешқашан ұмытуға тиіс емеспіз. Соғыс нәубеті біздің иығымызға түсірген ауыртпалықтардың салмағын анықтай алатын өлшем жоқ. Әйтсе де, сол қаһарлы төрт жылдың қасіретін еңсесімен көтерген азаматтар жайындағы ақиқаттар жадымыздан өшпеуі керек. Бейбіт кезеңде ер жетіп, соғыстың сұрапыл сынағын бастан кешпеген жастарымыз өз қаһармандарын білуге және жадында сақтауға тиіс.
Тыл ардагері Надежда Ивановна Кадакова соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шағында көрген ауыртпалықтары, кейін үлкендермен бірге істеген жұмысы туралы әсерлі әңгімелеп берді. Жиналғандар соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Ардагерлер кеңесінің төрайымы Мария Александровна Сорокина, ауыл әкімі аппаратының өкілі Екатерина Владимировна Касацкая, мұғалім Ирина Павловна Шевцова мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Кітапхананың тұрақты оқырмандары мен мектеп оқушылары бүгінгі тақырыпқа орай өлеңдер оқып, әндер шырқады. Үздік суреттер үшін естелік сыйлықтар берілді. Шараға 33 адам қатысты.