27 ақпанда Павлодар ауылының көпшілік және балалар кітапханаларының қызметкерлері ауыл тұрғындары мен жергілікті мектептің 5-сынып оқушыларына Павлодар облысының 80 жылдығына арналған өлкетану сағатын өткізді. Мақсаты: балалардың туған өлке
туралы білімін тереңдету; Отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу. Оқу залында туған жерге арналған тұрақты кітап көрмесі жабдықталды. Шараға ауыл әкімі Аждар Сағынтайұлы Жүсіпов пен ауылдың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер шақырылды. Ауыл әкімі айтулы датаға байланысты сөз сөйлеп, ізгі тілек білдірді.
Шараны жүргізген кітапханашылар Гүлнара Тлеуқабылқызы Шокубаева мен Гүлнара Асхатқызы Серғазина Павлодар облысының табиғи байлығы мен одан шыққан әйгілі адамдар –
ғалымдар мен әдебиет және мәдениет қайраткерлері туралы кеңінен әңгімеледі.
Тарих пәнінің мұғалімі Алёна Анатольевна Камзина 1938 жылғы 15 қаңтарда елдің Шығыс бөлігі
екіге бөлініп, Павлодар облысы оның бірі болғанын және оның аумағында 3 қала мен 10 аудан бар екенін және басқа да деректерді тілге тиек етті.
Кітапхананың тұрақты оқырмандары, мұғалімдер мен ардагерлер кеңесінің төрайымы жиналғандар алдында өлеңдер оқып, Иса Байзақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейсен Ахметов,
Мұзафар Әлімбаев сияқты және басқа өлке мақтаныштары туралы тартымды әңгімелер айтты. Шара соңындағы викторинаның сұрақтарына жиналғандар түгел белсенділікпен жауап берді.
33 адам қатысты.