31 мамырда П.Васильев атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкерлері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Павел Васильевтің бюсті жанында митинг және гүл қою рәсімін ұйымдастырды. Оған студенттер мен мектеп оқушылары, қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараны жүргізген студенттер Еркебұлан Өсербай мен Тоғжан Жокенова бұл күн ел тарихындағы ең қаралы кезеңді еске алу күні екендігіне тоқталды. Соған орай барлық жерлерде құрбандардың рухына тағзым ету мақсатында іс-шаралар өткізілуде. Халықтың басынан небір нәубеттер өтті, мыңдаған азаматтар жазықсыз жазаланды, қудаланды, атылып кетті. Ол сананы сансыратып жіберетін зұлматты кезең болды. Жиналғандар бір минут үнсіздікпен оларды еске алды.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дархан Каржаубай, Павел Васильев музей-үйінің директоры Закия Саясатовна Мерц және басқалар саяси қуғынның жазықсыз құрбаны болған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Павел Васильев және басқалардың ел бостандығы жолындағы жанқиярлық істері туралы айтты. Митинг соңында П.Васильевтің бюстіне гүл шоқтары қойылды. Шараға 120-дай адам қатысты.