19.11.21 ж. Орталық қалалық кітапханасының О. Сүлейменов атындағы оқу залында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Еркіндік түлегі – елдіктің тірегі» тақырыбында мәдени іс-шара өтті.
Мәдени іс-шараға «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР жазушылар одағының мүшесі, күрескер ақын Қани Арман Бақтанұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Зейнуллина Айман Файзоллақызы,
Павлодар педагогикалық университетінің, жаратылыстану жоғары мектебінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Алпысов Ақан Қанапияұлы, өңірімізге белгілі шежіреші, өлкетанушы, қоғам белсендісі Қайролла Қажен Мүбәракұлы, ақын, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалықызы, айтыскер ақын, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек, Найзатас журналының бас редакторы Асыл Әбіш Әлімжанұлы, ақын, сатирик, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы Алпысбай Хонж қатысты.
«Еркіндік түлегі – елдіктің тірегі» атты мәдени іс-шараны ақын, «Найзатас» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының жауапты хатшысы Айбек Оралхан жүргізді.
Аталмыш шара Қазақстан Республикасының әнұранымен басталды. Тәуелсіздік күніне арналған мәдени шараның шымылдығын халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, күрескер ақын Арман Қани кіріспе сөзбен ашып, жалпы шараға қатысушыларды, жас ақындарды, студент-жастарды, еліміздің ұлық мерекесі – ҚР-ның Тәуелсіздік күнімен арнайы құттықтады.
Одан кейін сөз кезегі филология ғылымдарының кандидаты, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Зейнуллина Айман Файзоллақызына берілді. Айман Файзоллақызы басты құндылығымыз тәуелсіздік туралы айта келіп, болашақта жастарды рухы биік, мәртебесі жоғары, өз елінің патриоты болуға шақырды.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Руслан Геннадиевич Маралбаев кітапхана жүйесінде биылғы жылғы өткізілген мәдени іс-шаралар, жаңа шыққан жергілікті авторлардың кітаптарының тұсаукесерлері, Тәуелсіздік туралы ақциялар, марафондар, эстафеталар, кездесулер, одан басқа да көптеген атаулы мерекелер мен мерейтой иегерлері жайлы ауқымды шаралар өткендігін атап өтті.
Шара барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жемісті кезеңдері туралы бейнеролик ұсынылды. Жиында жергілікті жас ақындар да Тәуелсіздікке арнаған өз толғауларын оқыды.
Шара соңында И. Байзаков атындағы Павлодар облыстық филармониясының және Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының әншісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Жоламанов Бекен Шаймарданұлы «Атамекен» әнін шырқады.
Осындай тағылымы мол, мазмұны терең мәдени шаралар еліміздің болашақ жастарына үлгі-өнеге болары анық.