6 желтоқсан күні сағ.15.00 де «Кітапхана аумағын кеңейтеді» жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің Павлодар қаласындағы филиалында ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Қазақстан — мақтанышым» атты шара болып өтті.
Іс-шарамыз ҚР әнұранын орындаумен басталды. Мерекелік кешті кітапханашылар Р. Займолда мен А.Қ. Жармағамбетова қазақ тілінде жүргізді. Сарбаздарды алдағы келе жатқан еліміздің басты мейрамы — Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Отан алдындағы міндеттерін абыроймен өтеп шығуларына тілек білдірді.
Қатысушылар назарына «Тәуелсіз елдің қалыптасуы» атты бейнефильм көрсетілді. Жүргізушілер ата-бабаларымыздың асыл мұраты сонау қазақ хандығының қалыптасу кезеңінен басталатындығын, егемендік жолындағы көптеген тарихи оқиғаларға тоқталып өтті. Қазақ хандығына, ұлт азаттық көтеріліске, Ұлы Отан соғысына, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына және еліміздің жеткен қазіргі нәтижелеріне кеңінен тоқталып өтті. Әр тарихи оқиғаға тоқталған сайын мәліметті толықтыру мақсатында сұрақтар қойылып отырылды. Сұрақтарға сауатты, толық жауап берілді.
Шарамыздың формасы — «поэтикалық орбита» болғандықтан әскери-техникалық мектептің сарбаздарына алдын-ала дайындалған жергілікті ақын-жазушыларымыздың Тәуелсіздік, Отан және Қазақстан туралы жазған өлеңдерін оқыттық (жас ақындар Хафиз Қайролла, Нұртас Төлебаевтың, Арғынбай Жұмажанұлының өлеңдері). Жүргізушілер де біраз өлең шумақтарды оқып, шараны әсерлендіре түсті.
Мерекелік шара болғандықтан сарбаздарымызды рухтандыру мақсатында Отан, ел-жер туралы патриоттық әндерді орындаттық. Әсіресе «Атамекен», «Мен қазақпын» әндері өте әсерлі шықты. Мекеменің тәрбие ісі жөніндегі директорының орынбасары полковник Ғ.Шәмшиев пен әскери борыштарын өтеп жүрген сарбаздар кітапхана қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп Алғыс хатпен марапаттады.
Кітапхана қорымызға жаңадан түскен Тәуелсіздік күніне байланысты әдебиеттермен сарбаздар танысып, кеш соңында естелік суреттерге түсті.