26 мамыр күні №2 балалар кітапханасында 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналып «Зұлмат жылдар елесі» атты реквием кеші өткізілді. Іс-шараға №25 ЖОББМ 6 «Б» сыныбының оқушылары қатысты. Кеш барысында кітапханашы Абдуллина Гүлжанат Қайроллақызы қазақ және басқа да ұлттардың тарихында орын алған қаралы кезені жайлы шолулық ақпарат беріп, балалардың білімдерін толықтырды. Сонымен қатар өзінің ұлы атасы Абдуллин Зәкір туралы әңгімеледі. Балалар Зәкір ата кезінде география пәнінің мұғалімі болып Павлодар қаласының №8 мектебінде еңбек еткенін, сол жерден, сабақ үстінде тұтқындалғанын, 1937 жылдың 9 қазан күні ату жазасына ұшырағанын, кейін, 1956 жылдың маусым айының 28 күні Павлодар облыстық соты президиумының қаулысымен ақталғанын естіді. Іс-шараға қонақ ретінде Павлодар қаласының мәдениет ардагерлерінің төрайымы Әлімғазинова Балзия Ерғалиқызы қатысып АЛЖИР, Карлаг атты лагерьлері туралы мәлімет айтып толықтырды. Оқушылар тақырыптық сөреде орналасқан кітаптармен танысып, бейне материалдарды тамашалады.