14.12.2021 ж. Орталық қалалық кітапхананың О.Сүлейменов атындағы оқу залында Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған «Желтоқсан шежіресі – елімнің мәртебесі» атты іс-шара өтті.
Аталмыш шараға филология ғылымдарының докторы, ПМУ профессоры Тұрышев Айтмұхамбет Қасымбайұлы, Ақсу қаласының құрметті азаматы, Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының Павлодар облысы бойынша үйлестірушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Кондыкерова Светлана Қабидоллқызы, Желтоқсан оқиғасының куәгері, Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының белді әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Шәнім Бейбіт Кәрімұлы, Желтоқсан оқиғасының куәгері, ППУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шақаман Рыскүл Бектемірқызы, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Совет Әмірханұлы, сонымен қатар көрермен ретінде облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Шараның басты мақсаты Желтоқсан оқиғасының қазақ халқының шынайы ұлттық санасының оянуы мен тәуелсіздікке қол жеткізудегі тарихи рөлін көрсету және жас ұрпақты желтоқсан құрбандарын еске ала отырып, халық бостандығы мен елдігі үшін күрескен, сол үшін құрбан болған аға-апалардың ерлігіне құрметпен қарауға тәрбиелеу болып табылды.
Жиынға келген қонақтар желтоқсан оқиғасы жайлы өз ойларын ортаға салып, лебіздерін білдірді.
Шара барысында Павлодар қаласындағы музыкалық колледж студенттері патриоттық тақырыптағы әндерді тарту етіп, облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының оқушылары Желтоқсан оқиғасына байланысты өлең шумақтарын оқыды.
Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері дайындаған Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай «Желтоқсан эпопеясы» атты буктрейлер көрсетіліп және кітап көрмесі ұйымдастырылды.