Наурыз мейрамы қарсаңында 18 наурыз күні №4 балалар кітапханасында №2 мектептің 4 «Ә» сынып оқушылары үшін «Наурыз – көктемнің мерейлі мерекесі» танымдық-ойын бағдарламасы өткізілді. Іс-шара «Ұлы мереке-Наурыз» атты иллюстрацияланған көрме – инсталяциясымен безендірілді. Ұлыстың Ұлы күніне арналған іс-шараның мақсаты: балаларды Наурыз мерекесінің тарихымен таныстыру, жас ұрпақтың бойында өз еліне деген мақтаныш сезімін тәрбиелеу, өз халқының салт-дәстүрлерін білу және құрметтеу. Залда «Наурыз думан» музыкасы шырқалды.
Жүргізуші Б. К. Кенжеғалиева балаларды құттықтап, мерекелік сөз сөйледі. Іс-шара «Шашу» дәстүрімен аштылды. Наурыз-шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы. Наурыз мейрамын көңілді күймен, қуанышты пейілмен қарсы алады: ән айтады, түрлі ойындар өткізеді, тәттілер мен бауырсақтардан дәм татады.
4 сынып оқушылары мерекеге белсенді қатысты. Олар көктем, Наурыз мейрамы туралы өлеңдер оқып, «Қазақ дәстүрлері» викторинасының сұрақтарына жауап берді, жұмбақтар шешті. Қазақ ұлттық ойындары балаларға өте ұнады. Олар «Арқан тарту», «Итеріспек», «Көтермек», асық ойнау ойындарына қуана қатысты. Көбі әжелерінің үйінде асық ойнағандарын еске түсірді. Әдеби викторинаның сұрақтарына жауап бере отырып, балалар қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін тауып, өз білімдерін көрсетті. Кітапханашы 21-22 наурызға қараған түні Қыдыр ата келіп, бата беретінін айтты. Бұл күндері өз тілегіңді айту керек, ол міндетті түрде орындалады. Іс-шарада Қыдыр ата (Жәнібек Әлинур) барлығына денсаулық, жақсылық пен бейбітшілік тілеп, батасын берді. Мереке бауырсақ үлестіру дәмімен аяқталды.