1 шілдеде №5 балалар кітапханасының коворкинг-орталығында Ұлттық домбыра күніне арналған музыка сағаты болып өтті. Кітапханашы Бахыт Габдулгариповна Елемесова балаларға жуырда белгіленген Ұлттық домбыра күні туралы айтты. Осы жылдың 13 маусымы күні Елбасы жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде «Ұлттық домбыра күні» мерекесі республика көлемінде атап өтілетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Мұнда «Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында» деген стратегиялық мазмұнды ұран сөз жазылған. Өз кезегінде сүйікті Отанымызға деген перзенттік сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қамшылайтын еліміздегі «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» атты бағдарламаларымен, кейінгі кезеңдердегі «Туған жерге туың тік» және «Сакральды Қазақстан» сияқты ірі жобалармен қанаттасқан игі қадам осы «Ұлттық домбыра күні» болғаны анық.
Жиналғандарға «Ұлтымыздың ұлы аспабы – домбыра!» атты бейнебаян көрсетілді. Өнерпаз Нұргазинова Меруерт «Сарыарка», «Көңілашар», «Адай» күйлерін орындады. Сондай-ақ №33 мектептің түлегі Жұмабай Байтұрсын да күй тартып, өз өнерін көрсетті. Домбыра туралы әдебиеттерге шолу жасалып, музыка мәдениеті туралы шағын викторина өткізілді. 12 адам қатысты.