2018 жылдың 21 ақпанында П.Васильев атындағы Орталық қалалық кітапханасы және Семей қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ-сі бірлесе отырып ақын, ойшыл ғалым
Ш. Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай: «Шәкәрім мұрасы – мәңгілік мұра» атты әдеби телекөпір өткізді.
Жүргізуші Семей қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызмет көрсету
бөлімінің кітапханашысы Абилмажинова Жанат Советқызы құрметті қонақтармен,
оқырмандармен, кітапхана қызметкерлерімен амандасып, ғұлама ақын Ш.
Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай өткізілген онлайн-кездесуде
бүгінгі ұрпаққа ұлылығымен әйгіленген ұлы тұлға екендігін айтып, әдеби шараға
ойшыл ғалымның шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандармен қатар зиялы қауым
өкілдерін де таныстырып өтті.
Әдеби телекөпірдің жүргізушілері Павлодар қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар
жүйесі» КММ П. Васильев атындағы Орталық қалалық кітапханасының қызмет көрсету
бөлімінің кітапханашылары Дамыс Ақмаржан мен Жұмабекова Айкен Айтмағамбетқызы
шараға жиналған қауыммен амандасқаннан кейін қазақ әдебиеті тарихындағы ірі
тұлғалардың бірі, ұлы Абайдың реалистік дәстүрін жалғастырған, эпикалық шығармалардың
дамуына үлес қосқан Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасы таусылмас қазына екендігін айтты.
Осыдан кейін әдеби телекөпірге келген қонақтар сөз сөйледі. Алдымен Тарих және
қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты,
профессор, Алаштану ғылыми зерттеу орталығының директоры Шаңбай Тұрдықұл
Қасенұлына сөз берілді. Ол «Шәкәрімтану мәселелері» атты сериялық ғылыми жинаққа кеңінен тоқталды. Сондай-ақ оған біздің тарапымыздан қойылған сұраққа да толық жауап алдық. Әдеби шараға келген келесі қонағымыз журналист, ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Асан Қайырбекұлы өзінің «Шәкәрімнің өмірбаяны» атты кітабы жөнінде айтып өтті. Және
де қойылған сауалға орай өзінің Шәкәрімнің өмірбаянына арналған монографиясында
ғұламаның Алашорда үкіметін қолдауға қосқан үлесі жайлы деректермен толықтыра
түсті. Белгілі ғалым әрі қаламгер Сұлтанбеков Мұрат Рахымжанұлы Шәкәрімнің
«Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн» поэмаларын аудару арқылы орыс тілді қыруар оқырмандардың игілігіне айналдырды. Мұрат ағаның Шәкәрімтануға сіңірген мол еңбегі лайықты аталып өтті.
Әдеби шара барысында көрермен ретінде қатысып отырған М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенті, «Ой-сана халықтық ақындар» орталығының мүшесі Тоқтамыс Әйгерім өзінің Шәкәрім ақынға арналған өлеңін оқып берді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында аталып өтілгендей, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлерін белгілеу мақсатында «Жалпыұлттық 100 киелі нысандар тізіміне»
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені, «Алаш арыстары – М. Әуезов мұражай-үйі»
енген болатын. Абай қорық мұражайының ғылыми хатшысы Садықова Шынар
Мұратқызы аталған мұражайдың қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігі жайында әңгімелеп берді.
Семей қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызмет көрсету бөлімінің
кітапханашысы Абилмажинова Жанат Советқызы бүгінгі «Шәкәрім мұрасы – мәңгілік мұра» атты әдеби онлайн-кездесуге қатысқан барлық қонақтарға алғыс білдіріп, шараны қорытындылады. Қатысқандар саны: 27 адам