Халық әртісі, күйші, композитор, қазақ халқының мәдениет қайраткері Дина Нұрпейісованы жасынан өнер қонған ерекше қабілетті дарын иесі деп атауға болады. Оның бұл дарынын алғаш байқаған әкесі екен. Бірде ол Динаға әпкелері ән салған кезде, оларды домбырамен сүйемелдеуін өтінеді. Оның домбырада ойнауы ата-анасының көңілінен шығып, олар Динаның музыкаға деген құштарлығын жан-жақты қолдап отырды. Дина 9 жасында Дәулеткерей, Мүсірәлі, Байжұма сияқты күйшілердің шығармаларын бұлжытпай орындайтын болды. Дина Кенжеқызы 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы қазіргі Жаңақала ауданының Нарынқұм жерінде дүниеге келген. Малшылықты кәсіп еткен әкесі домбыраның құлағында ойнаған болса, анасы Жәниха және екі үлкен әпкелері әнді тамылжыта айтатын шебер әншілер болған деседі.
1870 жылы атақты күйші Құрманғазы қыздың ауылына келеді. Бұл уақытта Динаның күйшілік өнері жайлы әңгімелер елге тарап үлгеріп еді. Сондықтан Құрманғазы талантын сырттай естіп, әдейі жас қызды іздеп келіп, өзіндік бағасын беруді ойлайды. Қыздың өнеріне тамсанып, ақыры оны өзі баули бастайды. Осылайша тоғыз жыл бойы Дина Құрманғазыдан күйшілік өнердің қыр-сырын меңгерді.