2022 жылғы 19 мамырда Орталық қалалық кітапханасының Олжас Сүлейменов атындағы оқу залында қазақтың атақты ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия әлемінің дарабозы» атты поэзиялық кеш өтті.
Ақынның еңбектеріне байланысты кітапхана қорындағы кітаптарынан және мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларынан «Ұлттық рухтың қызғыш құсы» атты кітап көрмесі қойылды.
Поэзиялық кешке ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Арман Бақтанұлы Қани, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Аққулы ауданының Құрметті азаматы Серік Қинаятұлы Сатыбалдин, С. Торайғыров атындағы университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Раушан Мамырқызы Мүтәлиева және Павлодар педагогикалық университетінің Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенттері қатысты.
Кешке келген қонақтар ақынның шығармаларында терең философиялық таным, өршілдік, нәзік лирикалық әуен жымдаса өрілетіндігі және ақын поэзиясының өз халқының рухани мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналдығы жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
Шара барысында Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Мені неге Мұхтар қойған» әнін И. Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әншісі Нұржан Сарқамбаев шырқады. Сондай-ақ шарада Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының әртісі Еркежан Төлеубек Мұхтар Шахановтың «Әке үкімі» поэмасын сомдаса, Павлодар педагогикалық университетінің және Павлодар педагогикалық университетінің Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыды.