Майра Уәлиқызы Шамсутдинова

Биыл жерлесіміз, халық әншісі, композитор Майра Уәлиқызы Шамсутдинованың туылғанына 130 жыл толып отыр. Майра Шамсутдинова Павлодар қаласында туған. Қазақ даласына аты мәшһүр Майра жасынан гармон тартып, ән салған, Баянауыл, Семей аймағындағы жәрмеңке, той-думандарда, Қоянды жәрмеңкесінде Иса Байзақов, Әміре Қашаубаевпен бірге өнер көрсетіп, есімі елге танылған. Ол қазақ, татар, орыс тілдерінде әнді шеберлікпен орындаған. Оның репертуарында «Ах-ау, Семей», «Гауhартас», «Ертіс», «Сәулем-ай», «Мақпал», т.б. халық әндері болды. А.В. Затаевич Майраның орындауында «Мақпал», «Көк-майса», «Қарағыш-ау», «Қара-кез», «Баянауыл», «Телқоңыр», «Даланың әні, «Құрбымжай», «Алқарағай-көк», «Хұсни құрдас», «Смет» әндерін жазып алып, нотаға түсірген. Ол өз жанынан «Майра», «Қызыл гүл», «Өкшесі етігімнің айнала жез», «Бақша» әндерін шығарған. Майра Арқаның әншілік дәстүрін ілгері дамытты. Ол әншілік өнерді кәсіби дәрежеде меңгеріп, өзіндік нақышпен сырнайға қосып айтқан. Майраның әндерін Е.Г. Брусиловский «Қыз Жібек» операсында, А.А.Зильбер «Қайта туған Қазақстан» симфониясында, Б.Байқадамов «Майра» хоп капелласында пайдаланды. Ә. Тәжібаев «Майра» атты пьеса, поэма жазды. Павлодар қаласында бір көше мен музейге Майра есімі берілген.

YouTube player

Комментарии запрещены.