№12 көпшілік кітапханасы көркемсурет колледжінің студенттеріне өнер сағатын
өткізді. Шара ұлттық дәстүрге, қолөнеріне және халық арасынан шыққан шеберлерге
арналды. Кілем тоқу, өрнектер салу, киізден бұйымдар жасау, кесте тігу, өрме
және басқа да қолөнер ісінің қыр-сырлары сөз болды.
Ертеде адамдар бәрін де қолдан жасаған. «Шебердің қолы ортақ» деген сөз содан шыққан
болса керек. Елдің ішінде бармағынан бал тамған талай шеберлер болған. Оған
адамдарды күнделікті тұрмыс қажеттілігі мен көшпелі өмір салты бейімдеген. Кендірден
түрлі бұйымдар жасау қазір ұмыт болып барады. Одан мықты жіп ескен де, жіпке түйенің жүнін немесе ешкінің түбітін қосқан. Сонда ол мықты әрі жұмсақ жіп болған. Одан сырт киім тіккен, кілем тоқыған және аттың жабуын жасаған. Шебер қолды ерлер түрлі қару, ат әбзелдерін,
зергерлік бұйымдар және тасты қырнап-жонып керекті тұрмыстық заттарын жасаған.
Сондай-ақ ағаштан жиһаз, теріден киім мен аяқ киім тіккен. Алайда, қазір осының
көбі ұмыт болуда.
Кездесуге келген қолөнер шеберлері Дмитриева Рамиля Мустафовна мен Қабылбекова Қайникеш
Бастемиқызы жиналғандармен шеберлік класын өткізіп, өздерінің ғажайып өнерінің
қыр-сырларынан сыр шертті. Ұлттық қолданбалы өнер туралы жазылған кітаптардан
көрме дайындалып, оған шолу жасалды.
Шараға 35 адам қатысты.