Даналықтың көне қайнары

22 мамырда П.Васильев атындағы орталық қалалық кітапханада жоғары медициналық колледждің студенттеріне славян жазбасы мен мәдениеті күніне орай ақпарат күні өткізілді.

Шараны жүргізген кітапханашы Наталья Николаевна Чирикова «Славян әліпбиінің негізін салушылар» атты әңгімесінде егер біз кітап адамзат дамуының шешуші факторы болды дейтін болсақ, онда көне славян әліпбиін жасаушылар – Кирилл мен Мефодийдің оған қосқан өлшеусіз үлесін еске түсіреміз деді. Өйткені олардың еңбегі славян жазбасы мен мәдениетінің дамуына зор ықпал етті. Бұдан кейін кітапханашы тарихта есімдері мәңгілік қалатын осы екі тұлғаның өмір жолдарына: оқу-ізденуіне, атқарған қызметтеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Келген қонақтардың назарына славян жазбаларына және тіл біліміне арналған басылымдардан тұратын  «Тысячелетняя кладовая мудрость» атты кітап көрмесі ұсынылды. Онымен бірегей қорды пайдалану бөлімінің кітапханашысы Сәуле Смағұловна Жағыпарова таныстырып, өте сирек, көне, мазмұны алуан түрлі және аса бағалы, әртүрлі форматтағы кітаптарды көрсетті.

Шара соңында кітапхана бөлімдеріне экскурсия ұйымдастырылып, тұрақты кітап көрмесімен, анықтама-іздеу аппаратымен, интернет-технологиямен таныстырылды. 28 адам қатысты.

 

Комментарии запрещены.