Арқада ән тербеген Естай ақын

18 қаңтарда П.Васильев атындағы орталық қалалық кітапхананың өнер
әдебиеттері секторында
белгілі әнші-композитор Естай Беркімбаевтың туғанына
150 жыл толуына орай «Арқада ән тербеген Естай ақын» атты әдеби-музыкалық кеш
өткізілді. Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Алтын дөңгелек»
кітапханалық жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған Б.Ахметов атындағы педагогикалық
колледждің, технологиялық колледждің студенттері мен №1 мектептің оқушылары
шақырылды.

Кеш И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі,Қазақстанның еңбек
сіңірген мәдениет қайраткері Ербол Айтпаевтың орындауындағы Естайдың «Бір
мысқал», «Құсни-Қорлан» әндерімен ашылды. Бұқар жырау атындағы әдебиет және
өнер музейінің маманы Жанаргүл Қанатбекқызы әнші өмірі туралы жан-жақты айтып
берді. Естай Беркімбаев – көрнекті композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген
қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі. Естайды
қалың көпшілікке танымал еткен «Құсни-Қорлан» әні болатын. Өкінішке қарай,
Қорланның жеке суреті сақталмаған. Ал махаббат сезімін жеткізген тамаша ән
композитор шығармашылығының биік шыңы болып есептеледі.

«Құсни-Қорлан» әнінің өмірге келуі туралы кештің қонағы, «Қосылмаған қос
ғашық: Естай мен Қорлан жайынан бір үзік сыр» атты әдеби кітап жазған қаламгер
, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмат Төлебаев кеңінен әңгімелеп берді.
Композитордың өмірі туралы өзге де қызықты деректермен Лебяжі ауданының
Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Қазақ
тілі» қоғамы облыстық бөлімінің басқарма мүшесі, белгілі аудармашы Серік
Сатыбалдин бөлісті. Кітапханашы Г.Райымбекова әнші шығармашылығына арналған
кітап көрмесіне шолу жасады.

Қоғам қайраткері, Май ауданының Құрметті азаматы Құдайберген Пішембаев
«Қосылмаған қос ғашық» кітабының авторы Ж.Төлебаевқа өңір мәдениетін дамытуға
қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс айтып, жастарды қазақ өнерін сақтап, дамытуға
шақырды. Кеш шырайы И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Әсел
Ботаева мен халықаралық байқаулардың лауреаты Жанболат Байсұлтанның
орындауындағы композитордың «Сандуғаш», «Қорлан» әндерімен әрлене түсті.

Іс-шара туралы облыстық радиодан хабар берілді. 72 адам қатысты.

WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.35.27.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.35.29-1.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.35.30-1.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.35.31.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.35.33-2.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.35.33.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.36.25-2.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.36.26-3.th.jpg WhatsApp-Image-2018-01-18-at-17.36.27-2.th.jpg

Комментарии запрещены.