17 мамыр күні Ұлттық әдебиеттер кітапханасының және орталық балалар кітапханасының қызметкерлері № 1 жалпы білім беру орта мектебінің 5-6 сынып оқушыларына республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында әдеби кеш өткізді.
Шараның мақсаты: жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу, рухани мұраны сақтауға және оқуға деген ынтасын арттыру, сонымен қатар жасөспірімдердің зияткерлік-рухани дамуына ықпал жасау, ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыны оқу және насихаттау.
Шара жүргізушілері Ж.П. Дюсенбаева мен С. Д. Нұрғалиева «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясының тарихына тоқталып өтті. Қазіргі уақытта ол әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған. Сонымен қатар, бұл акция отандық әдебиетке деген жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Қазақстанда алғаш рет 2007 жылы бастау алған «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы бойынша биыл үш бірдей кітап: Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітаптары таңдап алынды.
Ұлы қазақ ойшылы Шәкәрімнің шығармашылығы кең диапазонмен ерекшеленеді, оған қуаныш пен қайғы сезімдері тән. Ақын өмірдің шынайы бейнесін, туған жердің табиғатын сипаттап, 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ халқының өміріндегі оқиғаларды және құбылыстарды бейнеледі. Қалың оқырман қауымға алғаш рет ұсынылып отырған Шәкәрімнің «Үш анығында» сөз болатын басты мәселе ар ілімінің негізі боп табылатын нәрселер — ынсап, әділет, мейірім.
Б. Момышұлы қаһарман жазушы, бірегей тұлға. Оның «Ұшқан ұя» повесі көшпелі дала жағдайындағы қазақ этнографиясын түсінікті және реалистік түрде сипаттайды, барлық салт-дәстүрлерді әсерлі сипаттайды.
Көрнекті ғалым, танымал жазушы, аудармашы Н. Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологында ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады. Науқас адамның сын сағаттағы сан қилы ой-толғаныстары бас қаһармандар Ержан мен Гауһардың монологтары арқылы берілген.
Іс-шара барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикаға белгілі аудармашы Серік Сатыбалдин ұлтымыздың біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі осыдан бір ғасыр бұрынғы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды білу үшін, жастарды адалдық пен ізгілікке баулып, патриоттық-рухани тәрбие беру үшін, оларды тіршілік қарекетіне дайындау үшін, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы парызын жете білуі үшін және жастарды үйлендірудің жол-жоралғыларын білуіміз үшін берер пайдасы мол шығарма екенін атап өтіп, шығармадан бірнеше тәлімдік мәні бар қызықты оқиғаларға тоқталды.
5-сынып оқушылары Қайыржанов Айжан мен Ибрагимов Мұраттың орындауында «Туған ел» әні шырқалды. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалып, жазушылардың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаяндар көрсетілді. 65 адам қатысты.