21 ақпан күні № 17 көпшілік кітапханасының ұйымдастыруымен Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия интернатында «Жүрегі қазақ деп
соққан жастар қандай болу керек?» атты пікір алмасу шарасы өтті. Мақсаты: жас
ұрпақты рухани, әлеуметтік-адамгершілік дүниесі бай, жаңашыл, жан-жақты терең білімді,
дүниетанымдық мәдениеті жетілген, зерделі азамат етіп тәрбиелеу.
Шараға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, тіл және дін жанашыры
Ульян Мақұлұлы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз
Мапруза Жармағамбетқызы Байғалова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
жазушы, аудармашы Серік Қинаятұлы Сатыбалдин және гимназия интернатының
ұстаздары мен 9, 10 сынып оқушылары қатысты.
Кітапхана меңгерушісі А.Қ. Жармағамбетова «Жастар
– ел болашағы» атты слайд арқылы жастар тәрбиесінің көкейкесті мәселелеріне
тоқталды. Кеш қонақтары – Ульян Мақұлұлы, Мапруза Жармағамбетқызы, Серік
Қинаятұлы «Қазақ халқының ұлттық қасиеттері», «Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру қырлары» және «Қыз балалар мен ер балалар тәрбиесіндегі отбасы салттары» деген тақырыптарда кеңінен сөз қозғап, қазіргі заман талабына сай жас ұрпақтың бойында қандай қасиеттер, бейімділіктер болуы керектігі,
салт-дәстүрімізді қадірлеудің маңызы туралы әсерлі әңгіме қозғады. Шара соңында кітапханашы А.Хайсина жастар тәрбиесіне арналған «Өнегелі ұрпақ – ұлт болашағы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Қатысқандар саны – 61 адам.