Өткеннен өнеге

26 сәуірде №8 көпшілік кітапханасы №23 мектептің 9 «а» сынып оқушыларына республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Кеңес Одағының Батыры, әйгілі қолбасшы, тамаша жазушы Бауыржан Момышұлының творчествосына арналған «Өткеннен өнеге» атты әдеби кеш өткізді.

Шараны жүргізген кітапханашы Надежда Николаевна Дьячкова республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихына тоқталды. Ол Абайдың «Қара сөздерінен» бастау алған болатын. Кейін жыл сайын көрнекті жазушылар мен ақындардың шығармалары таңдап алынды. Акцияның мақсаты: оқырман мәдениетін қолдау және дамыту, тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау, ана  тіліне құрметпен қарау.     Биылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында  жылдағыдай көпшіліктің оқуына бір автор емес, үш автордың – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» және Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітаптарын оқу ұсынылды. Кітапханашы алдымен осы үш кітапқа қысқаша тоқталып өтті.

Бұдан кейін кітапханашы Әйгерім Төлегеновна Қайсаринова қаһармандық ерлік істерімен бірге артына мол әдеби мұра қалдырған Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы туралы кеңінен әңгімеледі. Жалпы алғанда, жұртшылықтың жоғары бағасын алған  «Ұшқан ұя» повесі – осыдан бір ғасыр бұрынғы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды білу үшін, жастарды адалдық пен ізгілікке баулып, патриоттық-рухани тәрбие беру үшін, оларды тіршілік қарекетіне дайындау үшін, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы парызын жете білуі үшін және жастарды үйлендірудің жол-жоралғыларын білуіміз үшін берер пайдасы мол шығарма.

Іс-шараға жазушы шығармаларының көрмесі дайындалды. Оған 35 адам қатысты.

 

Комментарии запрещены.