5 маусым – қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын және табиғатты сақтауға үлес қосатын барлық мамандардың кәсіби мерекесі – Эколог күні. Бұл күн 1972 жылы БҰҰ бекіткен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай белгіленген және табиғатқа, оның ресурстары мен экожүйелеріне ұқыпты қараудың маңыздылығын еске салатын дата болып табылады. Осы атаулы күн аясында 5 маусым күні №3 көпшілік кітапханасында «Жер гүлдермен жымиып тұр» атты экологиялық сағат өткізілді. Іс-шараның мақсаты – балаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілік пен қамқорлық сезімін тәрбиелеу. Оқырмандарға арналған бұл іс-шара танымдық және шығармашылық элементтерге толы болды. Оның міндеті – балаларды экология негіздерімен таныстыру ғана емес, сонымен қатар табиғатты қорғауға деген қызығушылықты ояту, тірі табиғатқа құрметпен қарау, туған жерге деген сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін дамыту. Іс-шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары мен олардың ата-аналары қатысты. Кітапханашы Б.И. Асылханова қатысушыларға Эколог күні мерекесінің тарихы, табиғаттың адам өміріндегі маңызы және оны қорғау қажеттілігі туралы айтып берді. Одан кейін қатысушылар «Гүлдер – Жердің күлкісі» атты презентацияны тамашалады. Қазақстанның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктері көрсетіліп, табиғат аясында өзін-өзі ұстау ережелері мен гүлге бөленген далалар мен ормандарды сақтау маңыздылығы жайлы айтылды. Іс-шараның интерактивті бөлімінде «Гүлді тап» атты викторина ұйымдастырылды. Онда балалар жұмбақтарды шешіп, сипаттама мен суреттер арқылы гүлдердің атауын анықтады.