«Туған қалаға махаббат»

Бүгін елімізде алғаш рет руханият пен мәдениеттің мерейлі мерекесі — Ұлттық кітап күні ресми түрде аталып өтуде. Бұл күн — кітаптың қоғам өміріндегі, әсіресе адамзаттың ой-санасы мен рухани кемелденуіндегі маңызды орнын айқындайтын ерекше күн. Ол оқуға деген сүйіспеншілікті оятып, әдебиет арқылы болмысымызды тануға үн қатады. Атаулы күн аясында кітапхана қабырғасында ерекше әсерге толы, жүрекке жылу сыйлаған тамаша шара — «Туған қалаға махаббат» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Бұл байқау — «Белсенді ұзақ өмір» орталығының мүшелері мен кітапхана оқырмандары үшін шығармашылықтың шынайы мерекесіне айналды. Байқауға қатысушылар — «Белсенді ұзақ өмір» клубының белсенді мүшелері мен кітапханаға тұрақты келіп, әдебиетпен өмірін байланыстырып жүрген оқырмандар. Олар әр сөзін жүректен шығарып, туған қаласына деген шексіз махаббатын, оның көркем келбетін, терең тарихы мен өз өміріндегі маңызын тебірене жеткізді. Шара барысында залда ерекше жылы, шынайы атмосфера орнады. Қатысушылар бір-бірін құрметтеп, әдебиетке деген ортақ сүйіспеншіліктерімен бір қауым болып табысты. Олардың әрқайсысы — рухани байлықтың нағыз жаршысы. Мерекелік шара соңында барлық қатысушылар әдебиетке деген ықыласы мен белсенді мәдени өмірге қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Ұлттық кітап күні — бұл жай ғана мереке емес, бұл — кітап арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғап, оқу мәдениетін нығайтудың алтын көпірі. Әдебиетке деген махаббатты болашаққа жеткізу — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

Комментарии запрещены.