Өткеннен өнеге аларлық шығарма

25 сәуір күні  №17 көпшілік кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында аты аңызға айналған  жауынгер-жазушы Бауыржан  Момышұлының  «Ұшқан ұя» повесі бойынша  әдебиет сағаты болып өтті. Мақсаты – жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу,  оқу мәдениетін қолдау және дамыту, «Ұшқан ұя» шығармасын оқуға  деген қызығушылықты арттыру.

Әдебиет сағатына № 2 мектептің  6 сынып оқушылары шақырылды. Кітапханашылар А. Кабылденова мен А. Жармағамбетова «Батырлар – ел қорғаны» атты буктрейлер арқылы батырдың өмірімен және шығармашылығымен таныстырып,  көптеген әсерлі әрі тәлімдік мәні бар деректер келтірді. Сонымен қатар  «Ұшқан ұя» кітабы Бауыржан Момышұлының балалық шағынан сыр шертетін, танымдық та, тәрбиелік те мән-маңызы өте зор шығарма екендігі балалар назарына ұсынылған бейнебаяннан анық көрініс тапты.  Жалпы алғанда, ұлтымыздың біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі – осыдан бір ғасыр бұрынғы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды білу үшін, жастарды адалдық пен ізгілікке баулып, патриоттық-рухани тәрбие беру үшін, оларды тіршілік қарекетіне дайындау үшін, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы парызын жете білуі үшін  берер пайдасы мол шығарма.

Оқушылар «Ұшқан ұя» кітабы бойынша  пікірлерін ортаға салды, батырдың нақыл сөздерін, батырға арнап   жазылған ақындардың бірнеше өлеңдерін жатқа оқыды. Кітапхана қызметкерлері жас оқырмандарға шығарма туралы сұрақтар қойды. Сұраққа дұрыс жауап берген оқушыларға кішігірім сыйлықтар берілді. «Қазақтың қайталанбас қаһарман батыры» атты кітап көрмесіне жазушының көптеген кітаптарымен бірге мерзімді басылым беттеріне жарияланған  ол туралы мақалалар да қойылды. Қатысқандар саны – 24 адам.

 

Комментарии запрещены.