2025 жылғы 22 қаңтарда қазақтың ұлы жазушысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Тарихты түгендеген тарлан жазушы» атты әдеби кеш өтті. Жазушы І.Есенберлиннің шығармашылығы қазақ әдебиетінің ұлттық жаңғыруының символына айналған. Оның туындылары Қазақстанның әдеби мұрасын байытып қана қоймай, қазақ халқының тарихи жады мен мәдени бірегейлігін нығайтуға да үлес қосқанын ерекше атауға болады. Іс-шарада филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Қасымбаевич Тұрышев, PhD, Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры Мади Илялович Рахимовтар жазушының шығармаларының маңыздылығы, оның қазақ әдебиетін дамытудағы үлесі және артында қалдырған өшпес ізі, жаңа ұрпақтарға шабыт беруді жалғастыруда екені туралы әңгімеледі. Сонымен қатар «Халық жүрегіндегі қаламгер» атты кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы бейнемазмұндар көрсетілді. Әдеби кеш ұлы жазушыға деген құрметтің ғана емес, қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы ойлар мен әсерлермен бөлісу алаңы болды. Бұл шара ұлттық мұраны сақтау мен оны болашақ ұрпақтарға жеткізудің маңыздылығын еске салды.