«Тарихта із қалдырған — дара тұлға»

Д. Әбілев атындағы көпшілік кітапханада «Өлке мәдениеті мен әдебиеті» жобасы аясында ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Е. Бекмахановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Тарихта із қалдырған — дара тұлға» атты тарих кеші болып өтті. Шараға тамаша тарихшы, ұлағатты ұстаз — Рауза Амангелдіқызы және Павлодар мемлекеттік университетінің дайындық тобының студенттері қатысты. Е. Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелердің кең қамтылып, оны аяғына дейін шешуімен ерекшеленеді. Қонағымыз атаулы тақырып бойынша жан- жақты тоқталып, еңбектеріне талдау жасап, шығармалардың қайсысында қандай тарихи кезеңдер қамтылғанын, қандай еңбектері бойынша ерекше танылғанын баяндап өтті. Өз кезеңінің батыл да, дара тұлғасы жайлы мақтанышпен айта келе студенттерді мақсаттарына жету үшін, берілмей, көп оқып ізденуге, мықты, рухты болуға шақырды. Бұл шара нағыз тағылымы мол кездесу болды. Ермұхан Бекмахановтың ғылыми еңбектері қазақ тарихын жаңа көзқараспен саралауға мүмкіндік бергені белгілі. Әсіресе, оның «XIX ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан» атты еңбегі тарихи шындықты ашуда маңызды рөл атқарды.
Осындай іс-шаралар студенттердің тарихқа деген қызығушылығын арттырып, олардың ғылыми зерттеу жұмыстарына деген ынтасын оятатыны сөзсіз.

Комментарии запрещены.