«Денсаулық» саябағында майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың туғанына 100 жыл толуына орай Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен қайта басып шығарылған «Шоң би» кітабының тұсаукесер кеші өтті. Аталмыш шараға Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі М.Т. Нұғыман, Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Е.Қ. Жүсіпов, «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Б.С. Аманбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, бата беруден екі дүркін республикалық сайыстың жеңімпазы, Баянауыл ауданы мен Павлодар облысының Құрметті азаматы Б.С. Сыздыков, жоғары оқу орындарының профессорлары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара басында ақ жаулықты аналар шашу шашып, кештің шымылдығын ашты. Бұл — қазақ халқының дәстүрін ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудың жарқын үлгісі болды. «Шоң би» трилогиясында XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ рулары арасындағы тартыстар, Ресей билеушілерімен арадағы қатынастар, орыс бекіністерінің салынуы, аға сұлтандыққа талас сынды тарихи-әлеуметтік мәселелер кеңінен суреттеледі. Жазушы бұл шығарма арқылы қазақ қоғамының өзін-өзі басқару қабілетін XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында-ақ таныта алғанын көрсетеді. Шоң би — заманының данышпаны, кең ауқымды ой иесі әрі сөз шебері ретінде көркем сипатталады. Кітап — жас ұрпақ үшін тарихи тағылым мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын құнды мұра.