15 наурыз күні Ұлттық әдебиеттер кітапханасының қызметкерлері Павлодар көлік және коммуникация колледжінің 1 курс студенттеріне Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз — жаңғыру нышаны» атты іс-шара өткізді.
Шара жүргізушілері А. С. Айтмағамбетова мен Ж. П. Дюсенбаева Наурыз жайлы айтып өтті. Наурыз – қазақ халқы үшін ежелден–ақ береке–бірліктің, ел-жұрт, ағайын–туыс арасындағы татулықтың, ерен еңбектің, жаңарған тіршіліктің ұлы нышаны. Шығыс күнтізбесі бойынша күн мен түннің теңескен көктемгі мерекесі, жыл сайын асыға күтетін жарқын үміт, жастық пен жаңару мерекесі.
Шара барысында мерекеге келген «Сағым жылдар» атты әжелер тобы «Қамшы қайтару», «Үкі тағу», «Шашбау» салттарымен таныстырып өтті.
Әжелер тобының жетекшісі Бақытжамал апа қамшының түрлерін көрсетіп, «Қамшы қайтару» салты туралы толығырақ айтып берді.
«Қамшы қайтару» салты— қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі. Аталған дәстүр — құдалық, яғни, құда түсу жолында жасалатын таза қазақи ұғымды көрсететін жолдардың бірі. Ұлына қалыңдық іздеген азамат ауылдың ақсақалы мен азаматтарына және өз туыс-туғандарына жолығып, шаруасын айтады. Бұған жанашырлар ақыл қосып, пәлен жерде осындай жақсы адам бар және оның бойжеткен қызы барын айтады. Әрине, бұл жерде болашақ құдалардың текті аталардан болуын әркім қалайды. Сөйтіп жігіт әкесі өзінің беделді адамдарын ертіп қыз әкесінің үйіне барып түседі. Қонақасын ішіп аттанған жігіт әкесі өз қамшысын кереге басына іліп кетеді. Мұны көрген қыз әкесі келген кісілердің аты-жөнін, ата-тегін білгеннен кейін, оларға тиісті жауабын беруі керек. Егер қыздың басы бос болмаса (яғни, біреуге айттырылып қойылса) немесе қызын бергісі келмесе қамшы иесіне қайтарылады. Мұны «қамшы қайтару» дейді. Бұған жігіт әкесі ренжімейді.
Әңгімені топтың көркемдік музыкалық жетекшісі Қазигүл апа жалғастырды. Шашбау– қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей- бұйым . Шашбау көбіне күмістен қақталып соғылады, ұшына теңгеден (сөлкебай) шұбыртпа тағылып немесе түсті масатыдан, жібектен ызылып шашақталынады. Матадан жасалған Шашбаудың екі ұшына зер шашақ тағып, оның жоғарғы жағынан бунақтап құндыз тұтады. Шашбауды бұрымға қоса өріп, шаштың ұшына таяу жерден оны бір шалып байлайды да, бұрымның ұшын бекітіп тастайды. Жасы келген әйелдің Шашбауы қарапайымдау болады. Шашбау, біріншіден, әйел шашының өсуіне ықпалын тигізеді, екіншіден, басқа массаж жасайды. Ерте заманда Шашбау тағу шаш арасындағы жын-шайтандарды қашырады деген түсініктен туындаған.
Үкі Тағу — әсемдік үшін үкінің үлпілдек жүнін тағу. Дәстүрлі қазақ қоғамында үкі қасиетті құс саналған. Сондықтан халық үкі қауырсындарын жас нәрестенің бас киіміне, бесігіне таққан. Қасиетті құс сәбиді жын-шайтаннан қорғайды, оның тыныш ұйықтауына септігін тигізеді деп сенген. Осыдан келіп, қыздар мен сері жігіттер бас киімдеріне, жас келіндер екі бұрымына сәндікке Үкі тағуды дәстүрге айналдырған. Үкі көбіне қыздардың бас киімдеріне (тақия, сәукеле, т.б.) тағылған.
Шара барысында шашу шашылып, «Үкілім-ай», «Бір бала», «Қыз сыны», «Сағым жылдар» әндері айтылып, бата берілді.
Шараға қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, кітап көрмесіне шолу жасалды. Шараға 42 адам қатысты.