6 маусымда жазғы демалыс кезінде «Павлодар дарыны» босуақытты қамту және дарындылығын дамыту орталығының мектеп жанындағы лагерьінің бастауыш сынып оқушыларына «Мейірімді, даналық сөздер» атты поэзия сағаты өткізілді. Іс-шара жерлесіміз, ақын балалар жазушысы, журналист, өлкетанушы Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдығына арналды. Шара барысында жүргізуші ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімеледі. Балаларға «Құпия сандық» жұмбақ шешу, «Кім шапшаң?» Жаңылтпаштарды жаңылмай тез айту, Суретті сөзжұмбақты шешу, «Мақал — сөздің мәйегі», «Иә және жоқ» сұрақ-жауап ойын, «Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы?», «Ойлан тап!» логикалық ойындары ойнатылды. Балалар ойындарға белсене қатысты. Бүлдіршіндер ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Шара соңында балаларға ақын М. Жаманбалиновтың «Түйе жылдан қалай құр қалды?» ертегісі бойынша қуыршақ қойылымы көрсетіліп, «Мейірімді, даналық сөздер» атты кітап көрмесі ұсынылды.