20 мамыр күні №3 көпшілік кітапханасында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениеттің сан қырлы әлемі» атты шығармашылық кездесу өтті. Шараның қонақтары Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әртістері болды. Іс-шараның мақсаты – қоғам өміріндегі мәдени саланың маңыздылығын атап көрсету, өз өмірін өнерге арнаған жандарға құрмет білдіру, оқырмандарды кәсіби театр әртістерінің шығармашылығымен таныстыру. Кітапхана қызметкерлері қатысушыларды мерекемен құттықтап, мәдениет қызметкерлерінің ұлт руханиятын дамытудағы рөлін атап өтті, театр әртістеріне қазақ театр өнерін сақтау мен дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Әртістер өз кәсіби өмірлерінен естеліктер айтып, театр сахнасының күнделікті тіршілігі, спектакль дайындау үдерісі және көрерменмен қарым-қатынас туралы ой бөлісті. Қазақ драмалық өнерінің аймақтың мәдени бірегейлігін қалыптастырудағы маңызына ерекше назар аударылды. Кездесу жылы, шынайы атмосферада өтті.