19.09.2024 ж. Орталық қалалық кітапханасының О. Сүлейменов атындағы оқу залында Г. Потанин атындағы музеймен бірлесе отырып ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Көрнекті отандық этнолог» Халел Арғынбаевқа арналған Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері мен ЖОББМ № 41 мектеп оқушылары «Қазақтың бір туар этнограф ғалымы» атты тарихи кеші өткізілді.
Жерлесіміз этнограф, ғалым, профессор тарих ғылымдарының докторы Халел Арғынбаев қазақтың туысқандық жүйесін, халық шаруашылығының ерекшелігін, қазақ қолөнерінің бірегейлігін, қазақ отбасының өткені мен бүгінін, халқымыздың бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерттеген ғалым. Ол кезінде суретшілігімен де аты шыққан, өзі зерттеген кез келген этнографиялық бұйымды айна-қатесіз суретке түсіріп, баспаханалардан түзетусіз шығарған еңбектері өте жоғары деңгейде болған.
Өңіріміздегі әйгілі жерлесіміздің есімін жас ұрпаққа насихаттау барысында кеш қонақтары Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Тарих» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н. Е. Кузембаев, Торайғыров университетінің, РhD докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры М. И. Рахимов, Павлодардағы Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы халық үшін жасаған еңбектеріне ерекше тоқталып өтсе, Павлодар ауданы Мичурин ауылының әншілері өз орындауларындағы әндерін орындады. Потанин музейінің этнография бөлімінің басшысы Халел ағаның құнды заттары мен жазбаларынан көрме жасауға ықпал етті. Сонымен қатар, «Неке және отбасы» және «Көрнекті отандық этнолог» бейнебаяндарын тамашалап, «Қазақ этнографиясын әлемге танытушы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.