«Біз – бір елдің ұрпағымыз»

28 мамыр күні «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы аясында М. Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасының қызметкерлері «Біз – бір елдің ұрпағымыз» фестиваль ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Славян жазуы мен мәдениеті күніне арналды. Фестивальге Жоғары электрондық коммуникациялар колледжінің студенттері және қала тұрғындары қатысты. Іс-шара қонақтарының назарына «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» кітап көрмесі мен «Славян мәдени орталығы» этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі атынан Н.В. Борисовская, Н.В. Сафронова, И. Лисицина, Л. Олейник және Г. Волкова ұсынған қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұсынылды. Жүргізушілер кешті екі тілде жүргізіп, қатысушыларды Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, мерейтойға орай өткізілетін іс-шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ славян халқының мерекесі – Славян жазуы мен мәдениеті күнімен және Ұлттық жаңғыру мектебінің қызметімен таныстырды. Одан кейін Қ.Даржуман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебі басшысының орынбасары А.К. Сағатова сөз сөйлеп, жиналған қауымды құттықтады. Мектеп оқушылары қазақ, шешен-ингуш және украин бөлімшелері дайындаған ән мен биден тұратын музыкалық бағдарламаны ұсынды. Құттықтау бағдарламасын «Славян мәдени орталығы» этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымдары жалғастырды. Орталықтың тұрақты төрайымы Т.И. Кузина славян жазуының бастау көзі, Кирилл мен Мефодий ағайындылардың әліпби мен жазу жүйесін қалыптастырудағы рөлі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Одан кейін «Славян мәдени орталығының» ең белсенді шығармашылық ұжымдары – «Славянки» ансамблі (жетекшісі – Г.А. Юнеман) және Аналар кеңесі қолданбалы өнер шеберлерінің жетекшісі В.Э. Султанова өз өнерлерін ортаға салды. Бағдарлама соңында фестивальге қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды.

Комментарии запрещены.