21 ақпан күні М. Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасының қызметкерлері «Біз Абайды білеміз бе?» квест-ойынын өткізді. Шараға Малайсары батыр атындағы мектептің 5 «А» сынып оқушылары қатысты. Іс-шара қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына ұйымдастырылды.
Квест – ағылшын тілінен аударғанда «іздеу» немесе «оқиға» дегенді білдіреді. Ойын барысында қатысушыларға карта және аялдамадан өту құжаты беріліп, сол арқылы олар тапсырмаларды орындады. Жауаптары кітапхананың ішінде жасырылған. Оқушылар ойынға белсенді қатысып, ақынның «Көзімнің қарасы» әнін орындады және ақынның өлеңдерін оқыды. Шараға «Абай мұрасы – ұлт байлығы» кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған шолу жасалынды. Оқушылар қызықты ойын үшін кітапхана қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.