6 мамырда Мойылды ауылының көпшілік кітапханасы жергілікті мектептің акт залында оқушылар мен ауыл тұрғындарына, Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысушылар мен тыл ардагерлеріне Жеңіс күніне арналған ауызша журнал өткізді. Мақсаты: жастардың бойында патриоттық сезімді нығайту, Отан қорғау жолында ерлік көрсеткен әйелдердің рухына тағзым ету.
Ауыл әкімі Болат Бөкенұлы Файзулин сол бір сұрапыл жылдардағы халықтың өшпес ерлігі туралы айта келіп, «Нұр Отан» партиясының мерекемен құттықтау хатын табыс етті.
Кітапханашы Екатерина Васильевна Оспанова Ұлы Отан соғысындағы совет адамдарының жанқиярлық ерлігі, қаһарман қыздар – Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова мен Мәншүк Мәметова туралы әңгімеледі. Оқушылар патриоттық әндер орындады, өлеңдер оқыды, би биледі және батыр қыздардың елге жазған тебіреніс пен толқуға толы хаттарын оқып берді. Бұдан кейін Ауған соғысына қатысушылар, ауыл тұрғыны Қанат Бәйтенұлы Төлеуов пен тыл ардагері Серафим Григорьевич Худяков сөз сөйлеп, батырлардың ерлігін қастерлеу баршаның парызы екенін атап айтты. Кітапхана қорынан дайындалған, елдің ерлік шежіресін паш ететін кітаптарға шолу жасалды. Әсерлі өткен шараға 70 шақты адам қатысты.