2024 жылдың 11 қазанында О. Сүлейменов атындағы оқу залында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ балалар әдебиетінің классигі, қазақ прозасына өзгеше өрнек пен сырлы сипат әкелген жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби кеш өткізілді. Бұл іс-шараға «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» мүшелері мен М.Қанапиянов атындағы жоғарғы колледж студенттері және №28 Торайғыров атындағы мектептің 6-7 сынып оқушылары қатысты. Кеш барысында Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Аққулы ауданының Құрметті азаматы, ақын-жазушы және аудармашы С. Қ. Сатыбалдин кеңінен айтып өтті. Ол жазушының шындықты қарапайым тілмен жеткізе отырып, кейіпкерлерді даралап, көргенін көркем түрде суреттеп, оқырманның көз алдына елестете алатын шеберлігін ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар, М. Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің студенті А. Абикенова Бердібек Соқпақбаевқа арнаған арнауын оқып берді. Іс-шара барысында кітапхана қорындағы кітаптардан «Балалық шаққа саяхат» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қатысушыларға «Б. Соқпақбаевтың өмірі мен шығармалары» атты бейнебаян көрсетіліп, «Менің атым Қожа» фильмінен «Бақаның әлегі» үзіндісі тамашаланды.