30.05.2023 Орталық қалалық кітапханада Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу күніне арналған «Азалы тарихқа – айрықша тағзым» еске алу кеші өтті. Аталмыш шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, ф.ғ.д. Тұрышев А. Қ., Павлодар облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі Әскери Даңқ музейі бөлімшесінің басшысы Қалымқұлов Р.Т. мен төтенше жағдайлар министрлігінің қауымы мен «Аманат» партиясының жастар қанаты қатысты.
Шараға келген қонақтар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең болғаны, қазақ халқына қасірет әкелген сол бір аумалы-төкпелі жылдарда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылып, аяусыз атылып, туған жерінен айдалып кете барғаны және ұлтын сүйген азаматтар тоталитарлық жүйенің құрбанына айналғаны, азаттық үшін күрес басшыларын қамауға алынғанын және сол жылдары Қазақстанда ашаршылық ушығып, адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі екеніне кеңінен тоқталып өтті. Успен ауданындағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ербах Құрметжан әнмен сусындатса, Успен ауданының музыка мектебінің мұғалімі, ақын Перизат Құрманәлі өлеңдерін оқыды.
Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері әзірлеген бейнебаян мен кітапхана қорындағы кітаптардан «Қазақ тарихының қасіреті» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.