Қаздар қонысы – республикалық маңызы бар палеонтология табиғат ескерткіші. Павлодар қаласында, Ертіс өзенінің оң жағалауында орналасқан. Қала тұсындағы жағалаудағы биіктігі 15 – 20 метр жырадан (ұзындығы 200 метрге жуық) ертеде тіршілік еткен жануарлардың сүйектері табылған. Бұлар негізінен б.з. 4 – 5 миллион жыл бұрын гиппарион фаунасына кіретін жануарлар: хилотерий (жылқы тұқымдасының арғы тектерінің бірі), синотерий (мүйізтұмсықтылар), махайрод (қылыш тісті жолбарыстар), лагомерикс (бұғытәрізділер), самотерий (керіктәрізділер), кемірушілердің көптеген түрлері және т.б. тіршілік еткен. «Қаздар қонысы» – гиппарион фаунасының жануарлары табылған ең бай орындарының бірі. Алғашқы қазба жұмыстары 1930 жылы жүргізілген. Бұл орын 1971 жылдан мемлекет қорғауындағы табиғат ескерткіші болып табылады.