«Өмір, шіркін, жебе сынды зулаған…» кездесу кеші

YouTube player

П. Васильев атындағы Коворкинг орталығында Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, «Ертіс дидары» газетінің бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Бақтанұлы Қанидің 65 жас мерейтойына байланысты «Өмір, шіркін, жебе сынды зулаған…» атты кездесу кеші болып өтті. Кешке Арман Бақтанұлы Қанидің отбасы, қаламыздың белгілі тұлғалары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жас ақындар, Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледж студенттері және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері, сонымен қатар кітапханашылар қатысты.Кешіміздің шымылдығын айтыскер ақын, облыстық «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек ақынға арнаған арнау өлеңімен ашты.

Алғашқы сөз кезегі кеш кейіпкері Арман Қанидің өзіне берілді. Арман аға өзінің балалық шағы, бала кездегі қызықтары туралы, алғашқы өлеңді қашан жаза бастағандығы жайлы айтып өтті. Және де өзінің бір өлеңін оқып берді.№ 3 облыстық мектеп-интернатында (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық гимназия-интернатында) еңбек еткен ардагер-мұғалім, Арман ағаның ұстазы, сынып жетекшісі Әбжанова Ғазиза Рамазанқызы Арман Қанидің оқушы кезіндегі сабақ үлгерімі, бойындағы ерекше қасиеттері жайлы естеліктер келтіріп әңгімелеп берді.

Ақындықтың ақ туын биік көтеріп, барын, әнін еліне арнаған әрбір жан Алаш үшін аса қымбат емес пе? Кезекті сөзді әрі қарай жазушы, тіл жанашыры Ақын Алақанұлы өрбітті.

«Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының жауапты хатшысы, көркемсөз шебері Айбек Оралхан және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Бауыржан Рамазан Арман Қанидің өлеңдерін жиналған қауымға паш етті.

Сөз кезегі ақын, журналист, «Жекпе-жек» ұлттық спорты федерациясының президенті Жарқынбек Амантайұлы Арман ағаның өлеңі мен өмірі шындықпен үйлесетіндігін айтып өтті.

Кітапхана қорынан ақынның туындыларынан, баспа беттерінде жарияланған мақалаларынан «Арманның арманы көп» атты кітап көрме ұйымдастырды. «Өмір, шіркін, жебе сынды зулаған…» атты слайд топтамалары жасалынды. Кешіміздің сәнін музыкалық колледжінің студенті Нұрдос Кеңес Тұрсынғазы Рақымовтың «Нені аңсаймын» әнімен жалғастырды.

Қорытынды сәтте кеш жүргізушілері Арман ағаға бірнеше сұрақтар қойды. Бұл сұрақтарға ағадан қысқа нұсқа жауап алынды. Қатысқандар: 70 адам

Комментарии запрещены.