2020 жылғы 29 қаңтарында сағат 18.00-де Орталық қалалық кітапханасында Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан, ақын, ойшыл, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай кеші» болып өтті.
Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні. Бүгінгі өткен кешіміз Абай шығармашылығына арналған бастамасы ғана. Алдағы уақытта орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымдары жыл бойы өткізетін іс-шараларын Абайдың мұрасына арнайды. Абай кешіне қала басшылары, зиялы қауым өкілдері, жыршы, Абайтанушы Әсенов Даниал Сабырұлы, Павлодар облыстық «НҰР-АНА» әлемі қоғамдық бірлестігінің мүшелері, «Әлекей» ұлттық аспаптар ансамблі, тіл жанашырлары, сонымен қатар, студенттер мен оқушылар, кітапханашылар, БАҚ өкілдері қатысты.