20 ақпан 2025 жылы «Ақсақалдар тағлымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті, өрт сөндірушілер мен авариялық-құтқару қызметкерлері, «Қазақстан Республикасы ұлттық ұланының 5512 әскери бөлімі» сарбаздары және Ақпарат технологиялық колледжінің студенттері Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толуына орай «Қазақ хандығының құрылуы» атты тарихи кешке жиналды.
Іс-шарада Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Л.Қ. Жүсіпова қазақ хандығының құрылуының тарихи маңыздылығын, сондай-ақ қазақ халқының мемлекеттігі мен ерлік жолын баяндап, еуразияның ортасында орналасқан қазақ даласы мен қазақ ұлтының бастан кешкен қиыншылықтары мен тағдырлас тарихы туралы ерекше тоқталды.
Кеште «Қазақстан Республикасы ұлттық ұланының 5512 әскери бөлім»і сарбазы Жұмағали Дәулет өзінің жазған өлеңін оқып, қатысушыларға тарихи рух берді. Сондай-ақ, «Қазақ хандығының шежіресі» кітап көрмесіне шолу жасалып, «Қазақ хандығының құрылуының шынайы тарихы, Керей мен Жәнібек саясаты» атты бейнемазмұн тамашаланды.
Бұл іс-шара Қазақ хандығының тарихи жолын ұлықтау, халықтың рухани мұрасын сақтау және ұрпаққа тарихи тағылым беру мақсатында өткізілді.