Наурыздың 28 күні №4 балалар кітапханасының әдемі безендірілген оқу залында «Балалар кітабы және музыкасы апталығы» аясында №24 балабақшаның даярлық топ балаларына «Ш. Перроның ертегілері» атты әдеби ойын өткізілді. Мерекеге қонақ ретінде қалалық кітапханалар жүйесінің әдіскері Асылханова Гүлнар Рамазанқызы шақырылды. Кітапханашы Кенжегалиева Б. К.
балаларды апталыққа арналған мерекемен құттықтап, Кітап мерекесі және ертегілер туралы әңгімеледі.
Шарль Перро – көрнекті ертегішілердің бірі. Француз академиясының мүшесі, физик, тілтанушы, мемлекеттік қызмет істеген. Алайда ол халық жадында балаларға арнап ғажайып ертегілер жазған жазушы-ертекші ретінде қалды. Алдымен кітапхананың кішкентай достары Ш. Перроның қандай ертегілерін білетіні анықталды. Жұмбақтарды шеше отырып, Ш. Перро ертегілерінің кейіпкерлерімен кездесті. Олар — Қызыл Телпек, сұр Қасқыр, Жалмауыз, Күлше Қыз, ханзада және басқалар.
№24 балабақшаның тәрбиеленушілері жазушының ертегілеріндегі оқиға желісі негізінде
ойын-көрініс көрсетті. Бүлдіршіндер би билеп, әндер шырқады. Әлемге аты мәлім жазушының ертегілеріне арналған әдеби ойындардың балалар үшін танымдық, тәрбиелік және дамытушылық мәні болды. Шараға 28 бала қатысты.