2022 жылғы 13 сәуірінде сағ. 17.00-де Орталық қалалық кітапхананың О.Сүлейменов атындағы оқу залында «Кешкі кітапхана» жобасы аясында ұлтымыздың ұлы ұстазы, қазақ ағартушысы, мемлекет қайраткері, лингвист ғалым, әдебиеттанушы, түркітанушы, ақын және аудармашы, қоғам қайраткері және саяси публицист, реформатор, Алаш партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармалары» атты арнау кеші өтті.
Бұл кештің мақсаты – жастарды Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары арқылы ұлттық құндылыққа тәрбиелеу, шығармаларын дәріптеуге үйрету, және ақынның қадір-қасиетін бойларына дарыту, адамгершілік-патриоттыққа тәрбиелеу, ана тілін құрметтеу, көркем әдебиетті, поэзияны сүйе білуге баулу.
Кештің негізгі ресми бөлімінде сөз сөйлегендер С. Торайғыров атындағы ПМУ кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Зейнулина Айман Файзоллақызы, С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрышев Айтмұхамбет Қасымбайұлы, Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы ашып, көркемсөз клубының жас қаламгерлері Ахмет Байтұрсынұлына шығарған арнау өлеңдерін, студент жастар Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан өлеңдер оқыды.
Кеш барысында кітапхана бірнеше аймаққа бөлінген. «Art book» аймағында сурет үйірмесінің жұмыстары ұсынылды (А. Байтұрсынұлының және тағы басқа мерейгер жайлы салған суреттерін жиналған қауымға көрсетілді), ұлттық қолөнер үйірмесінде бірқатар тың туындылар (А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап жасалған логотипті қауымға көрсетілді).
Кітапхананың оқу залында А. Байтұрсынұлының шығармаларына арнап кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде оқырмандар жүйелі түрде әдебиеттану, тіл білімі, педагогика, түркітану, абайтану, аударма салаларында елеулі із қалдырған А.Байтұрсынұлының еңбектерімен танысып, кеш барысында өмірі мен шығармашылығына арналып бейнефильм көрсетілді.
Шара барысында Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрының әртістері Нұржан Сарқынбаев пен Руслан Нұғыманов Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының диалогынан театрлық қойылым қойып, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әншісі, бірқатар республикалық ән байқауларының лауреаты Әсел Ботаева мен Жанболат Байсолтан дәстүрлі ән шырқады.