«Наш дорогой Евгений Азаров»

Бүгін қала күні мерекесі аясында өңіріміздің даму жолында бүкіл ғұмырын арнаған көрнекті құрылысшы-инженер, энергетик және қоғам қайраткері Евгений Григорьевич Азаровқа арналған «Наш дорогой Евгений Азаров» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапқа Евгений Азаровтың жақындарының, замандастары мен әріптестерінің қайраткер туралы естеліктері жинақталған. Сонымен қатар, басылымға Евгений Григорьевичтің өз қолжазбалары да енгізілген.
Шара барысында қайраткердің қызы Елена Азарова әкесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Кітаптың авторы әрі құрастырушысы, жазушы және журналист Александр Вервекин Евгений Азаровпен бірге қызмет атқарған жылдарын еске алып, оны танудың өзі зор мәртебе болғанын айтты.
Тұсаукесерге арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Нұржан Кемерұлы Әшімбетов: «Ол кісі мінезімен де, біліктілігімен де жұртты ұйыта білетін тұлға еді», – деп еске алды.
Белгілі жазушы, публицист Юрий Поминов пен Павлодар облысының Құрметті азаматы Боранбай Скаков та сөз сөйлеп, Евгений Григорьевичтің адами қасиеттері мен қаланың дамуына сіңірген еңбегі туралы жылы лебіздерін білдірді. Ертіс өңірінде туған жерге деген осындай сүйіспеншілік пен елге қызмет ету – тарихымыздың ажырамас бөлігі.

Комментарии запрещены.